Эми Бассин
Cұхбат
ДАРЬЯ ДЕМИДЕНКО: Өзіңіз туралы және суретшілікке қалай келгеніңіз туралы қысқаша айтып бере аласыз ба?
ЭМИ БАССИН: Мен Нью-Йорк маңында, жағдайы орташа отбасында өстім. Менің жайлы үйім мен сүйікті ата-анам болды, бірақ бүлдіршін кезімде-ақ отбасымда қайғылы жағдай орын алды: әпкелерімнің бірі алты жасында қатерлі ісіктен қайтыс болды.
Менің суретші болуыма түрткі болған әпке өлімінің қайғысы көлеңкесінде өсуім деп ойлаймын. Түсінетін тілім болмаса да, мен бұл қайғымен интуитивті түрде күрестім, бұл менің жұмыстарымның қозғаушы күші болды.
Суретшілердің өміріне үңілсеңіз, олардың көбінің балалық шағында белгілі бір психологиялық жарақаттың болғанын байқай аласыз. Олар сол жарақаттарымен өнерге жүгіну арқылы күреседі.
Сәл көңілдірек тақырыпқа көшейік. Мені бір күні балабақшаға кешіктіріп әкелді. Балалар қағаздан қызыл өрт сөндіру машиналарын жасап болып, жұмыс орындарын жинап жатты. Қатыса алмағаным үшін қатты көңілім түсіп кетті; сол бір сәт – өзімнің «кішкентай қызыл өрт сөндіру машиналарымды» жасауға өмірімді арнауға шешім қабылдаған сәтім еді.
ДД: Сіздің суретші болу туралы шешіміңізді ата-анаңыз қалай қабылдады?
ЭБ: Мен либерал отбасында өстім. Ата-анам Ресейден және Польшадан келген бірінші буын иммигранттары болды, сондықтан олардың бәрін басынан бастауларына тура келді. Ата-анамның ата-анасы білім алу мен кәсіби маман болуға баса назар аударған, яғни таңдаулары дәрігер, заңгер немесе мұғалім еді. Сондықтан ата-анама өнер мектебіне барғым келетіндігін айтқанымда олар қуана қойған жоқ: өнер кәсіп ретінде саналмайтын. Әдетте адамдар өнермен бос уақыттарында айналысады, өнер олардың негізгі кәсібі бола алмайды деген ұғым қалыптасқан. Мен бұл қағидаға қарсы шығуға мәжбүр болдым, күресуіме тура келді. Медициналық дайындық тобына оқуға түстім, екі жылдан кейін ол оқуды тастап, өнер мектебіне ауыстым. Бірақ өзімді шынымен кінәлі сезіндім де, өнер мектебін де тастадым. Мұндай үлкен өзгеріс жасауға дайын емес едім. Кейін мен Нью-Йоркке келдім, сол жерде қайтадан өнер мектебіне оралдым. Ата-анам да диплом алғанымды қалап, қолдау көрсетті. Анам көшеде тұратын ойың бар ма деп сұрайтын. Ақырында мен пәтерақы төлеу үшін жұмыс істеу мен тек бос уақытымда ғана өнермен айналысудан шаршап кеттім, сондықтан шығармашылықпен айналысатын жұмысқа баруға бел будым. Содан кейін, яғни осыдан бес жыл бұрын мен өз уақытымды толықтай шығармашылыққа бөлуге мүмкіндік алдым, керемет сезімде болдым. Қазір менің анам 94-те, 91 жасында ол құштарлықпен сурет сала бастады. Мен оны Лонг-Айлендтегі мұражай арқылы виртуалды өнер көрмесіне қатыстырдым. Менің ата-анамның бойында әрқашан өнерге деген қабілет болды, бірақ олар отбасыларының айтқанынан шықпай, осы қабілеттерін өздері басып тастап отырған.
ДД: Сіздің туындыларыңыздың негізгі тақырыптарының бірі әйел бейнесі мен әйелдік сияқты. Осы тақырыпты зерттеуге шабыттандыратын қозғаушы күш қандай?
ЭБ: Мен әйелмін және мен әлі күнге дейін еркектер басым, әйелдерді объективтейтін әлемде өмір сүремін.
Менің әйелдердің қаналуымен күрескен әйелдерді тікелей зерттеген жобам «Заманауи феминистік өнердің бірінші халықаралық көрмесіне» (The 1st Feminnale of Contemporary Art) қатысқан суретшілердің өз қолымен жасаған кітаптар топтамасы енді. Ол 2019 жылдың желтоқсан айында Қырғызстандағы Ұлттық бейнелеу өнері мұражайында өтті. Көрме ашыла салысымен фундаменталистер наразылық білдіріп, Қырғызстан үкіметінен цензура қойып, ең даулы сегіз туындыны алып тастауымызды талап етті. Мұражай директоры Алтын Капалова мен мұражай кураторы Жанна Араева жеккөрушілік пен өлтіремін деп қорқытып жазған хаттарға бірнеше ай бойы шыдап келді. Бұл Біріккен Ұлттар Ұйымы мен The New York Times пен ArtNet сияқты басылымдардың қолдау көрсетуіне түрткі болды.
Бұл әлемнің сол бөлігіндегі әйелдерге қатысты жыныстық зорлық-зомбылық пен қысымшылыққа қатысты цензураның дәрежесі мен тереңдігіне көз ашты.
Алтын Капалова бірнеше ай бойы қатты жабырқап жүрді, бірақ ол ойынан бас тартпады. Қазір ол тағы бір халықаралық феминистік көрме, яғни екінші Feminnale өткізуді жоспарлап отыр.
ДД: Әйел тақырыбын зерттейтін сіздің кейбір фото-жобаларыңыз басты кейіпкерлер мен олардың денесін жапқан матаның арасындағы өзара әрекеттесудің денелілігіне негізделген. Сіз әйел болмысы мен тұншығу арасында қандай байланыс көресіз?
ЭБ: Ол сурет Трамп президент болып сайланғаннан кейін пайда болды және мен оның әкімшілігі АҚШ-тағы демократияны жойып жібереді деп қорықтым. Сонымен, бір жағынан бұл жұмыс әйелдердің БАРЛЫҚ құқықтарынан айырылуы мүмкін дистопиялық тоталитарлық болашақты көрсетеді. Сол кезде «Үй қызметіндегі әйелдің хикаясын» (Маргарет Этвудтың 1985 ж. романы негізінде түсірілген Hulu телехикаясын) көріп жүргенім де әсер етті.
ДД: Мультимедиялық өнердің (сурет, текстура және мәтінді қолданатын өнердің) аудиторияға әсер ету тұрғысынан бір ғана ортаны пайдаланатын өнер туындыларынан айырмашылығы туралы ойыңыз қандай?
ЭБ: Біріншіден, мен өзімнің жұмысымның басқаларға әсері туралы ешнәрсе айта алмаймын.
Суретпен қатар мәтін қолдану немесе жай суреттің өзімен шектелу туралы шешім қабылдауға келетін болсақ, мен пішінді көбіне мазмұн анықтайды деп санаймын.
Нақтырақ айтсам, менің Angime-де жарияланған «Алтарьдағы (бұрмаланған) шындық дұға карталары» (Altared Truth Prayer Cards) деген жұмысым католик шіркеуіндегі балаларға жасалған жыныстық зорлық-зомбылық туралы хабардар ету үшін арналған. Мен зорлық құрбандарының дұғалары мен олардың көмек сұрау туралы өтініштерін жеткізу үшін католиктердің дұға карталарының алдыңғы бетіндегі суреттерін өзгертіп, артқы бетіндегі мәтіннің көмегімен «өшіру поэзиясын» жаздым. Мақсатым дұға мәтінін қысқарту арқылы, яғни белгілі бір бөліктерін жасыру арқылы зорлық құрбандарының дұғалары мен көмек сұрауларын жеткізу еді.
ДД: Сіз қолданатын «деколлаж» техникасының мәнін түсіндіріп бере аласыз ба?
ЭБ: Өнерде деколлаж – коллажға қарама-қарсы ұғым; яғни басқа суреттерден немесе олардың бөліктерінен жаңа сурет жасаудың орнына деколлаж түпнұсқа суреттің белгілі бір бөліктерін кесіп немесе жыртып тастау арқылы жасалады. Мен суреттерді қиюдың орнына заттарды кесіп, жырттым. Мен бұл техниканы жақында шыққан «Мықты омыртқаларға мадақтау» (In Praise of Strong Spines) топтамасында қолдандым. Мені Трамп әкімшілігі қиқым-қиқым етіп жыртып жатқандай сезіндім, соған жауап ретінде Трамп туралы кітапты қия бастадым. Бастапқыда деструктивті кесу ашуымды сыртқа шығарудың амалы болды, бірақ кесуге беріліп кеткенім соншалық, ол бір медитацияға айналды. Кесіп болғанымда кітапты қабырғаға қойдым да, кітаптың толықтай мүсіндік туындыға айналғанын көрдім. Кесу мен жырту, яғни деколлаж техникасын қолданғаныма қарамастан, мен бұл кесінділерді мүсіндік туындыға жатқызамын.
ДД: Сіз өз идеяларыңызды жүзеге асыру тәсілін қалай таңдайсыз? Мысалы, кейінгі көркем туындылардың ішінде коллаждар жиі кездесетін сияқты.
ЭБ: «Алтарьдағы (бұрмаланған) шындық дұға карталары» арқылы жағдайды зорлық құрбандарының көзімен көрсеткім келгендіктен, онда сондай зорлыққа тап болған бала не жасөспірімге қолжетімді тұрмыстық материалдарды қолданғым келді. Сондықтан мен тырнақ бояйтын лак, түрлі-түсті жұқа лента қолдандым, мен деструктивті әрекет ретінде тырнаумен болдым... қолданған материалдарымның барлығы пішін ретінде мазмұнды қолдау үшін таңдалды. Мен өнер дүкенінен емес, үйімізден табылатын материалдарды қолданғым келді.
ДД: Көркем туынды жасау кезінде қолданатын материалдарыңызбен қалай байланыс орнатасыз?
ЭБ: Мен шығармашылықпен айналысуымның үдерісін сипаттайтын өлең жазған едім:
кес, жырт, балға, коллаж, желім.
айқайла, бұрғыла, арманда.
қуыр, жыла, күрсін де ұш.
моншақ, оқы.
сық, іш, көз қыс, ойла.
көр, бол.
тырнақ, жібіт, шыбық, сурет сал.
әулие, шұбарла, боя.
дұға ет, ойна.
жүгір, шаттан, бітті.
ДД: Сіз туынды жасау үдерісін медитациялық әрекет ретінде көресіз бе, әлде дайын өнімге қол жеткізу жолы ретінде ме?
ЭБ: Екеуі де. Жаһандық пандемияның басталуымен жаппай оқшаулану жағдайында АҚШ-тағы саяси, әлеуметтік және нәсілдік толқулар өршіді, ал менің жұмысым барған сайын медитативті бола бастады. Шығармашылықпен айналысу кезінде керемет жеңілдік сезіміне қол жеткіздім және ойымды басқа арнаға бұруға мүмкіндік алдым.
ДД: Ұлтаралық деңгейде жұмыс жасайтын суретші ретінде сіз өз аудиторияңызды қалай табасыз?
ЭБ: 2009 жылы мен өзімнің суретші ретінде оқшауланып қалғанымды сезінгендіктен интернеттен өнер қауымдастықтарын іздей бастадым. Ол кезде мен интерактивті жарнама саласында ұзақ сағаттар бойы жұмыс істеп жүрген едім, ол шығармашыл, бірақ корпоративті жұмыс болды, ал мен өзіме сай суретшілер тайпасына қайта қосылғым келді.
2009 жылы, Facebook әлі кең тарамай тұрғанда, мен Соня Гил атты керемет бразилиялық суретшімен (қазір өз жұмысын тоқтатқан) ArtMesh онлайн-өнер қоғамдастығының веб-сайтында таныстым. Біз виртуалды түрде бірлесіп жұмыс істей бастадық, сонымен қатар бір-бірімізге өзіміздің шығармашылық ізденістерімізде қолдау көрсете бастадық. Бұл қарым-қатынастың көңілді, нәтижелі әрі терең болғандығы соншалық, біз әлемдегі басқа суретшілермен байланысқа шығу арқылы әлемдік өнер ұжымын құрып, виртуалды түрде бірлесіп жұмыс істеуді ұйғардық.
Көп ұзамай біз бес континенттегі әртүрлі қала мен мәдениеттерден келген он суретшімен бірлесіп «Қалалық диалогтардың» (Urban Dialogues) негізін қаладық. Біз әлемдік әралуандығымыз бен шығармашылық ұқсастығымыздың арасына көпір салатын түрлі тәжірибелер жасай бастадық. Топ құрамында Рио-де-Жанейродан Соня, Нью-Йорктен мен болдым, және одан бөлек Бельгия, Чехия, Испания, Токио, Нигерия және Үндістаннан қосымша мүшелер болды.
Содан бері, міне, 11 жыл өткеніне қарамастан мен әлі де жеткен жетістігімізге таң қаламын. Мен әлемді шарладым, өнер туындыларын жасадым, әрдайым бір-біріне қолдау көрсететін өнер қауымдастығын таптым және терең әрі шынайы достық қарым-қатынас орната алдым.
2011 жылы Бельгия суретшісі Фри Дж. Джейкобс «АЙЫРМАШЫЛЫҚТАР? /ҰҚСАСТЫҚТАР!/» (DIFFERENCES?/SIMILARITIES!) атты «Қалалық диалогтардың» алғашқы көрмесін өткізді. Одан бөлек ҚД мүшелерімен бірге Словакиядағы арт-резиденцияға қатыстым. Ал 2018 жылы Соня Гил мен Нью-Йорктегі өнердегі серіктесім Марк Бликли мен бірігіп, Португалия астанасы Лиссабондағы арт-резидентура мен көрме жетекшілері кездестік. Бірнешеуіміз Берлинде кездесіп, ондағы өнер орталарын көріп қайттық. Өткен жылы Шанхайдан тұратын әріптестерімізбен жер іздеу мәселесін талқылай бастадық, бірақ пандемия аяқталғанша бұл тақырып төңірегіндегі талқылаулар уақытша тоқтатылды.
ДД: Сіздің соңғы топтамаңыз бен басқа жобаларыңыздағы «кітаппен» қарым-қатынасыңыз бізді ерекше қызықтырады. Сізді ол жаққа не тартады?
ЭБ: Менің жұмысыма оқуға деген сүйіспеншілігім мен жазушыларға тәнті болуым әсер ететіні сөзсіз. Кітап оқыған кезде мен әрдайым жазушылардың сөзін елестетемін және өз басымда кейіпкерлермен бірге өмір сүремін. Мен кітаптардың уақыт, естелік пен тарихты сығып түйінін қалдыра алатындығын және қиялыма ерік беретіндігін жақсы көремін. Бұл үдерістер кітап деген осындай кішкентай ғана затта жүзеге асады.
Жақында мен Angime журналының көркемдік редакторы Патриция Коулманмен сөйлескен едім, ол менің жұмыстарымды кітаппен француз ақыны Стефан Малларменің дәйексөзі арқылы байланыстырды: «Әлемдегінің барлығы ақыр аяғында кітапқа айналу үшін ғана бар».
ДД: Осы топатамадағы жұмысыңыз сіздің поэзиядағы, оның ішінде ақын Марк Бликлимен бірлесіп жасаған жұмысыңызға қалай жауап болып отыр?
ЭБ: Жазушы Марк Бликли менің жұмысым мен өміріме керемет оң әсерін тигізді. Өнердегі соңғы жетістіктерімнің көп бөлігі оның көмегі мен қолдауының арқасында жүзеге асты, сол үшін оған қарыздармын. Ол түйсігімді әлеуметтік әділетсіздік пен бүгінгі оқиғаларға негізделген концептуалды идеялармен байланыстыруға көмектесті.